Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті және тұрақты назарда.
Биыл Түркістан облысында 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың га. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30 %-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты кезекті рет жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруаларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.