Түркістан облысы
Түркістан: Келес диқандар Ресейге қарбыз экспортын бастады
Түркістан облысы, Келес ауданының шарулары ерте көктемде еккен өнімдерін жинап жатыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінде 500 гектарға жуық ерте пісетін қарбыз өнімдері егіліп, бүгінгі таңда диқандар алғашқы өнімдерін сатылымға шығаруда.
– Қарбыз өнімін бірнеше жылдан бері егіп, пайдасын көріп келеміз. Биыл қарбыздың бірнеше түрін егіп, 1 гектар алқаптан 40-45 тонна өнім алудамыз. Еккен өнімімізге сұраныс жоғары. Себебі Сырдария өзенінің жағалауындағы құмды топыраққа өскен қарбыздың дәмі тіл үйіреді, – дейді «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Маханбет Қасымбеков.
Аталған кооперативте 20 отбасы бірігіп, бақша өнімін егіп, өндірген өнімдерін Ресейге экспорттауда. Сонымен бірге Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға сатуда. Айта кетейік, биыл Келес ауданында жалпы бақша дақылы 1864 гектарға егілсе, оның ішінде 682 гектарына қауын, ал 1182 гектар аумаққа қарбыз егілді.