Алматы облысындағы ауруханалардың ауласында ашылған Baby Box-тан сәби табылды
Алматы облысындағы ауруханалардың бірінің ауласынан ашылған сәби себетіне белгісіз біреу жаңа туған нәрестесін тастап кеткен, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Тime.kz-ке сілтеме жасап.
2020 жылы қоғамда көкек аналардың көбеюі салдарынан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы аурухана ауласында сәби себеті жобасы қолға алынған. “Үміт бесігі” деп аталған әлеуметтік жоба жаңа туылған нәрестелерді әр жерге тастап кетпей, керісінше осындай арнайы орын барын көрсету мақсатында жұмысын бастады. Сол арқылы шақалақ өмірін аман алып қалуды көздеді. Көп ұзамай дәл осындай орталық Қарасай ауданында да ашылған.
Содан бері 3 жыл уақыт өтті “Үміт бесігі” орталығына бірде-бір нәресте түспеген екен. Жақында алғашқы жағдай тіркеліпті. Оның өзі арада 3 ай өткен соң белгілі болды.
Наурыз айының 21-де Қарасай ауданындағы көпсалалы ауруханасының сәби себетіне шақалақ түсті. Дабыл белгісі қосылған сәтте мамандар орталыққа жүгірген. Нәтижесінде шағын бесікке белгісіз адам жаңа туылған нәрестесін тастап кеткен.
Бірден дәрігерлер тексеруге алып, тиісті ем-домын көрсетіп, сәбиді қарауына алған. 2 апта уақыттан кейін Шелек ауылындағы балалар үйіне өткізіпті. Бірақ нәрестені кімнің тастағанын, әрі ұл ма, жоқ қыз ба ақпарат айтылмайды.
Әлеуметтік жобаның да мақсаты сол болатын. Тастанды сәбидің өмірін құтқару және оған себепкер болған адамның құпиясын ашпау. Өйткені көкек аналар шақалақтан құтылу үшін қоқыс жәшігіне, көшеге, тұрғын үй аулаларына тастап кетіп жатты.
Сонымен қатар “Үміт бесігі” орталығының өзіне тән ережесі бар. Яғни көкек ана өз ойынан айнып қалса 3 ай мерзім ішінде әлгі орталыққа қайта келіп, өтінішін жазып, сәбиін кері алып кете алады. Егер ондай қадам болмаса нәресте балалар үйіне өткізіледі.
Қарасай ауданындағы сәби себетіне нәрестесін тастаған әйел егер қайта қолына алғысы келсе онда оның осы айдың соңына дейін уақыты бар.