Жаңалықтар

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асырудың жоспары талқыланды

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру» бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінде іс-қимыл жоспары талқыланды. Консультативтік кеңес отырысына Шымкент қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков өзі төрағалық етті.

Маңызды жиынның төрінен қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қала прокурорының орынбасары Бахтияр Мухамеджан, мәслихат хатшысы Бахадур Нарымбетов, қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен төтенше жағдай жөніндегі департамент басшылары, экономика, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдар мен консультативтік кеңесші орган мүшелері және баспасөз тілшілері де табылды.

«Қазір адамдар арасында профилактика тек полицияның міндеті деген пікір қалыптасқан. Бірақ, кез-келген қылмыспен біз қоғам болып күрескенде ғана, қауіпсіздікті нығайтуға зор мүмкіндік аламыз. Ол үшін осы жиынға қатысып отырған әр тұлға өз пікірін ортаға салып, тұжырымдаманы іске асыруға бір кісідей ат салысу керек деп ойлаймын.» – деді, полиция генерал майоры Қайрат Дәлбеков.

Бұған қоса мегаполистің бас полицейі соңғы кездері ең өзекті мәселеге айналып отырған интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткі қылмыстарының себеп салдары мен статистикасына жеке дара тоқталып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап айтты.

Келесі кезекте Шымкент ҚПД Штаб басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айжан Куленова жиынға қатысушыларды тұжырымдаманы жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарымен таныстырды. Оның ішінде, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол апаты жағдайларының алдын алуға және полиция қызметінің сапасын жақсартуға арналған 5 жылдық жоспарды назарға ұсынды.

Өз кезегінде, жауапты орган басшылары мен консультативтік кеңес мүшелері ұсынылған жоспарға өз ой-пікірлерін қосып, қызу талқыға салды. Олардың әрқайсысын « Қоғам қауіпсіздігі үшін мен не істей аламын?» деген сауал толғандырғаны анық. Өйткені, жоспардың әр бөлігіне жеке пікір білдіруші азаматтар саны көп болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button