Есірткі қылмысына жол бермеу мақсатында Шымкент полицейлері жасөспірімдер арасында челлендж бастады

Жастар арасында нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырып, есірткі қылмысына жол бермеу мақсатында Шымкент полицейлері жасөспірімдер арасында челлендж бастады.
Өз кезегінде, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков №75 мектеп-гимназиясының оқушыларымен челлендж түсіріп, «Есірткіге қарсымыз!» ұранын қолдады.
Осыған байланысты, Шымкент қаласы полиция департаментінің атынан қалалық Білім басқармасының барлық оқу ордаларына челлендж жолдаймыз. Қоғам дертіне қарсы бірге күресу үшін төмендегі шарттарды орындап, қолдау көрсетуге шақырамыз.
– Түрлі шығармашылық идеялармен есірткіге қарсы қысқаша бейнематериал түсіру;
– Дайын роликті Шымкент қаласы Полиция департаментінің «Instagram» немесе «Facebook» желісіндегі мессенджеріне жолдау және жеке өз парақшаңызға жариялау;
– Әлеуметтік желіге жарияланған жазбаның астына міндетті түрде Police_shymkent парақшасын белгілеп, #Есірткігеқарсымыз хештегін тіркеңіздер.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында айтылған бастамаларға сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлері өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жалпы ел аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік дәрістер өткізуде.



