«Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосқан тәртіп сақшысы

Әке жолын қуып, полицейлер династиясын жалғастырған полиция капитаны Әуезов Нұрсейіт Саттарұлы -«Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері.
Шымкент қаласы Полиция департаменті қолға алған «Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері де қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосқан тәртіп сақшысы. Ол – әке жолын қуып, полицейлер династиясын жалғастырған полиция капитаны Әуезов Нұрсейіт Саттарұлы. Қаратау ауданы Полиция басқармасы анықтау бөлімінің анықтаушысы. Әкесі – Отыншиев Саттар Ауезұлы ұзақ жылдар бойы ішкі істер органында қызмет атқарып келеді.
Отбасы-адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Отбасы – мейірім мен махаббаттың, жан тыныштығы мен ауызбіршіліктің ұштасқан ордасы. Жарасым тапқан әр отбасы – мемлекет тыныштығының кепілі. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Сол мемлекеттің іргесін берік қалап, терезесін өзгелермен теңестіріп ұстау үйдегі отбасының әр мүшесіне тікелей байланысты. Отбасында әке мен ананың жылулығы ерекше сезілген шаңырақта өскен бала рухани мүгедек болмайтыны ақиқат. «Әке көрген оқ жонар» демекші Саттар ағамыздың ұлы Нұрсейітте әке жолын таңдаған.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, полиция офицерінің отбасында туылған Нұрсейіт Саттарұлы 2012 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түскен. 2017 жылы білімін тәмамдап, құқық қорғау саласында қызметке орналасқан. Нұрсейіт өзінің қызметтік жолында 2017 жылдан бастап Шымкент ҚПД Қаратау АПБ анықтау бөлімінің анықтаушысы лауазымында қызмет атқаруда.
Полиция капитанының сөзінше, анықтау қызметі – полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, куәгерлер мен жәбірленушілерден жауаптар алып, ең бастысы күдіктіні айнытпай тану үшін заңгер де, психолог та, сарапшы да бола білуің керек. Барлық жайтқа үлкен жауапкершілікпен қарау, ар алдындағы адалдық таныту – анықтаушыларға тән екенін айтып өтті.



