Шымкент қ. ТЖД: Балаларды өз еркімен су жағалауларына жібермеу қажет екенін ескертеміз

Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында жазғы шомылу маусымында жазатайым оқиғаларды алдын алу бойынша брифинг өткізілді.
Бас спикер болып Шымкент қ.ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев сөз сөйледі.
Қала тұрғындарына тағы да судағы сақтық шаралар еске салынып, шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар нақтыланды.
Сонымен бірге су айдындарын дайындау мақсатында су түбіндегі қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында балаларды өз еркімен су жағалауларына жібермеу қажет екенін ескертеміз. Алайда, су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар қауіпсіздік шараларын елемеуде. Судағы қауіпсіздік шараларын елемеу адам өміріне қауіпті екенін, белгіленбеген орнындарда шомылуға болмайтындығы туралы балаларға үнемі ескертіп отыру қажет. Шын мәнінде су қоймаларында демалушылардың қауіпсіздігі құтқарушыларға байланысты.
Суға батып кетушілердің санын арттырып тұрған статистиканы бәсеңдету үшін және өз жаныңызды аман сақтап қалу үшін не істеу керек? Қандай ережелер мен қағидаларды білген жөн?
Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары:
1. Суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылыңыздар.
2. Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
3. Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
4. Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
5. Суға түскенде бір-біріңізді және балаларды көзден таса қылмаңыз.
6. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз.
7. Техникалык ескерту белгілерінің және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.
Есте сақтаңыздар! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.
Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады.


