Шымкенттік қылқалам шеберлері есірткіге қарсы көзқарасын суретпен жеткізді

Мегаполис полицейлері «Жастар ресурстық орталығының» мамандарымен бірігіп «Арбат» демалыс аймағында арнайы іс-шара өткізді. Оған Ә.Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжінің қылқалам шеберлері қатысып, есірткіге қарсы теріс көзқарастарын сурет арқылы білдірді.
Ә.Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжінің студенттері көптеген республикалық және жергілікті байқаулар мен көрмелердің жүлдегерлері атанған.
«Есірткі – қазіргі заманғы жоятын қару» тақырыбында өткен іс-шараға 15-ке жуық суретші қатысты. Олардың туындыларына демалыс аумағында жүрген азаматтар қызығушылық танытып, есірткі және нашақорлық мәселесімен күресуде өздерінің ойларымен бөлісіп, бұл бағытта жастардың рөлі маңызды екенін жеткізді.
Қазір әр елде есірткі мәселесін шешудің өз шешімдері қабылданған. Есірткіге байланысты қылмыстарға күрес жүргізу, әрине, ең алдымен, өзінің тұтынуы үшін сатып алатын адамдарды емес, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды, таратушылар мен сатушыларды анықтап, жолын кесуге, бұлтартпауға бағытталуы тиіс. Ал, есірткіні өзі тұтынатын адамдарға қатысты мемлекеттік деңгейде шара қолданылып, оларды мәжбүрлі түрде емдеу мәселесін қолға алу қажет.
Осы орайда оқырмандарымызға психотроптық заттар және прекурсорлар дегеніміз не екендігі туралы қысқаша түсінік бере кетейік.
Психотроптық заттар дегеніміз – адамның жүйке жүйесіне әсер ететін және фармакологиялық қасиеттері мен химиялық құрамына байланысты адам ағзасын еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін заттар. Мұндай күйге түскен адам қылмыстардың небір сорақы түрлерін істеуге дейін барады.
Прекурсорлар дегеніміз – есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіруге, дайындауға, өңдеуге пайдаланылатын заттар.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық келісімдеріне, оның ішінде БҰҰ-ның 1988 жылғы Есірткі құралдары және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясына сәйкес республика аумағында қатаң бақылауға алынған.



