Шымкентте 70 түп сора өсімдігін өсірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты

Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында 62 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егіп-өсіргені үшін айыпталған болатын.
Нақтырақ айтқанда, 2022 жылдың қазан айында полиция қызметкерлері әкімшілік аумақты тексеру кезінде егде жастағы ер адамның үйінің ауласынан 70 түп сора өсімдігін тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған өсімдіктердің «сора» тұқымына жататыны расталып, жалпы салмағы 9 кг 240 гр құрады.
Тергеу барысында, күдіктінің кінәсі толық дәлелденіп, жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды. Нәтижесінде, сот айыпталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлардың болуын ескеріп, оған қатысты 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Осы орайда, Шымкент полицейлері қазіргі таңда республика көлемінде «Қарасора» ЖПІШ өтіп жатқанын еске салады. Сондай-ақ, азаматтарға заңмен тыйым салынған өсімдіктерді екпеуді және өсірмеуді қатаң ескертеді.
Сондай-ақ, Шымкенттік полицейлер есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалтудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша семинар-тренингке қатысты. «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында, шымкенттік полицейлер қаламызға арнайы іссапармен келген нарколог-дәрігерлердің арнайы семинар-тренингіне қатысты.
Жиынның басты мақсаты – есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалтудың жаңа әдіс-тәсілдерімен таныстыру, оны өңірлерде енгізу мәселесі болды. Оған Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы және «Психикалық денсаулық орталығының» басшылығы, Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысып, күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша мамандармен пікір алмасты.
Мамандар опиоидты есірткілерге тәуелділерді емдеудің ғылыми негіздерін, құқықтық базасын және нормативтік-құқықтық актілерін, шетелдік тәжірибелер туралы түсіндірді.
Кездесу барысында спикерлерге бұл бойынша белгіленген бағдарламаны іске асыру қажетті тетіктер, оның тиімділігі туралы сұрақтар қойылып, пікірталас ұйымдастырылды.



