Ыдыс жууға арналған контрафактілік заттар жойылды

Шымкент қаласы Әділет департаменті мен Шымкент қаласы экономикалық тергеу департаменті бірігіп жүргізген тексеру шаралары нәтижесінде ыдыс-аяқ жууға және унитаз тазалауға арналған контрафактілік өнімдер тәркіленіп, жойылды. Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысына сәйкес, Шымкент қаласындағы жер үйлердің бірінде бөтен тауар белгісін, фирмалық және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдаланып келген Б.есімді азаматтың құқықбұзушылық фактісі анықталды.
Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан «Аzelit» тауар таңбасымен белгіленген қазан жууға арналған сұйықтықтың 1920 данасы, «DOMESTOS» унитаз тазалау сұйықтығының 3000 данасы тәркіленді. Зияткерлік меншік құқығын бұзу фактілері бойынша анықталған айғақты заттар шынжыр табанды трактормен жаншылу тәсілімен жойылды.
Сондай-ақ, Департамент мамандары түзеу мекемесіндегі тіршілікпен танысты. Шымкент қаласы Әділет департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бірлесіп, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №69 РМ мекемесінде кездесу өткізді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдарын көзбен көру мақсатында ұйымдастырылған экскурсияға Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары А.Исабекова, атқарушылық құжаттарды орындау, құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Басқосу барысында №69 РМ мекемесінің басшысы әділет подполковнигі Е.Жалғасбаев жиналғандарға тұтқындардың тұрмыс-тіршілігін таныстырды. Колониядағы асхана, серуен тағы басқа бөлмелерді аралап көрсетті. Аталған кездесу мемлекеттік қызметшілердің заңға қайшы қадамдарға бармауына, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталды.



