ТЖД: Судағы қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері аудан аумағында орналасқан #126 және #120 жалпы орта мектебінің жазғы лагерь қатысушыларына судағы қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Судағы қауіпсіздік ережесі талаптары ескерілмегендіктен, қайғылы жағдай немесе адам өлімі орын алуы да әбден мүмкін екендігін естен шығармау керек.
Жағажайлардың суға түсуге қолайлығы тексеріліп, содан кейін барып, ашылуға дайындайды. Өзен асты сүңгуіршілердің көмегімен бақыланып қаралады. Қаралғаннан соң барып, жағажайды қолданысқа беру немесе бермеу туралы шешім шығару қажет. Суға түсуге болатын жағажайлардың өзінде де түнгі мезгілде суға түсуге болмайды.
Жағажайда дәрігерлер мен құтқарушылар кезекшілікте болса да, арнайы қалқымалармен де суға түсуге болмайды. Бұдан бөлек мас күйінде суға түсетін адамдар да құтқарушыларды әбігерге түсіріп қоятыны бар. Жағада спирттік ішімдік ішу тек қана өзіне ғана зиян әкелмейді, сонымен бірге қоршаған ортаға да залал келтіреді. Суға лақтырылған, сынған бөтелкелер судағы басқа да адамдардың жарақаттануына немесе бақытсыз жағдайға ұшырауына әкеп соғады.
Жаздың күні балық аулайтындарға су айдындары қауіпті саналады. Балықшылардың өздерінің жеке құтқарушы құралдары, құтқару кеудешесі немесе шеңберлері болуы керек.
Бақытсыз жағдайлар көбінесе суға түсу қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтамағандықтан болып жатады. Соңғы жылдардағы оқиғаларды талдағанда судағы адам қазасы төмендегі жағдайларға байланысты орын алуда: суға жүзуді білмегендіктен, жабдықталмаған су айдындарында шомылудан, судағы қорқыныштан және жылдам ағыстан, мастықпен суға түсуден, құтқару құралдарын қолдану тәртібін бұзудан, балық аулаудан, навигациялық ережелерді бұзғандықтан және тағы басқалардан.
Балалар мен ересектердің қаза болуының басты себептері – суға жүзуді білмеу және судағы қауіпсіздік ережелері талаптарын сақтамаудан. Әсіресе, балаларды су жағасына үлкендердің қарауынсыз қалдырып кетуінен. Сәби абайсызда сүрініп немесе құлап қалып-ақ, жәй ғана шалшық суға да тұншығып қалуы мүмкін.
Сондықтан да азаматтар судағы қауіпсіздік шаралары мен ережелері талаптарын мүлтіксіз сақтауы керек.



