Арыста бірегей транспорттық-логистикалық орталық салынуда
Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтауға арналған қойма – баға тұрақтылығының кепілі болмақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірегей жобаның құрылысымен танысты.
«MEGA-AGAT» компаниясына тиесілі жобаның құны 4 млрд. теңгені құрайды. Нысан соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталады. Кешеннің тоғыз жол торабы саналатын Арыста орналасуы көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Яғни, Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
6 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Яғни кешенге өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар орнатылады. Соның арқасында, көкөніс қоймасы кәсіпкердің өз өнімін де, көршілес аудандар мен ауылдардағы шаруа қожалықтарының өнімін де ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жол ашылады.
Сонымен қатар аталған кәсіпорын аумағында құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар Арыстан алысқа шықпай-ақ, астықты осында сақтап, тиімді бағада нарыққа шығаруға жағдай жасалынбақ. Яғни, жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азаяды, ол түптеп келгенде бағаның тұрақтануына мүмкіндік беретін болады.
Облыс әкіміне Арыс қаласының өндіріктік аймағы таныстырылды. Мұнда болашақта бірнеше ірі өнеркәсіп орындарын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру жүзеге асырыла бастады. Мал бордақылау алаңы салынады.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс станциясының локомотив депосы базасында құрылған ірі теміржол кәсіпорнында болып, теміржолшылармен кездесті. Мұнда бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам жолаушылар вагоны мен локомотивке деполық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеп, техникалық қызмет көрсетуден басқа электровоздарға сервистік қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.