Астаналық әйел балаларымен бірге 9-қабаттан секірмек болды
Елордада полиция қайғылы оқиғаның алдын алды, – деп хабарлады Basnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
9-қабаттағы пәтердің терезесінен әйелдің екі баласымен секірейін деп жатқанын естіген автопатруль оқиға орнына аттанды. Бірінші болып №26 учаскелік полиция пункті полиция бөлімшесінің аға инспекторы Асқар Папышев өзінің серіктесі Елдос Нұғмановпен бірге жетті.
Олар аудан тұрғындарымен жиын өткізіп жатқан. 9-қабатқа көтерілген полицейлер үлкен баланың әкесімен бірге тұрғанын көрді. Ал кіші баласын әйел өзі ұстап тұрып, оған біреу жақындаса, секіретінін айтып айқайлаған.
Тәртіп сақшыларының бірі әйелді сөзге тартып, мұндай қадамға бармауын өтініп жатқанда, екінші полицей киімін айырбастап, пәтерге кіріп, бір қолымен баланың қолынан, екінші қолымен анасын мықтап ұстап алған. Осылайша, бөлмеге қарай тартып кіргізген.
24 жастағы әйелдің отбасылық жанжалдан кейін осындай әрекетке бел буғаны белгілі болды. Оның күйеуіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі («Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Отбасы ерекше бақылауға алынды.
Әйел балаларымен бірге Астана қаласының дағдарыс орталығына орналастырылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетілді.