Сеулде қазақстандық әйел автобус жүргізушісін пышақтады – Сыртқы істер министрлігі оқиғаға түсінік берді
Сеулде автобус жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасаған қазақстандық арнайы мекемеде емделіп жүрген. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Ресми өкілдің айтуынша, әйелдің Оңтүстік Кореяда тұруға техникалық визасы болған. Ол – этникалық корей.
“Әйел күйеуімен бірге бизнеспен айналысады. 2020 жылдан бері ол мамандандырылған клиникада емделген. Корея полициясының алдын ала мәліметінше, сол жағдай болған кезде әйел дәрінің ықпалында болған. Жақында консул қазақстандықпен кездеседі деп жоспарланып отыр”, – деп мәлімдеді Айбек Смадияров.
Еске салайық, 50 жас шамасындағы қазақстандық әйел 10 тамызда Ханнам көпірі ауданындағы жолда Кенбу тасжолының аумағында жолға шығып кеткен. Автобус алдынан шығып, көлік тоқтаған бойда автобустың терезе жуғышын сындырмақ болған. Жүргізуші сыртқа шыққан сәтте әйел оның білегіне пышақ сұғып алған. Артынша оқиға орнынан ізін суытқан. Алайда әйел көп ұзамай ұсталды. Автобус жүргізушісі жарақат алған, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген.