Тәртіп сақшысы азаматтарды мемлекеттік қызметтерді тек тиісті мекемелерде және заң аясында алуға шақырды
Тәртіп сақшысы азаматтарды алаяқтардың айла-амалына түсіп қалмай, мемлекеттік қызметтерді тек тиісті мекемелерде және заң аясында алуға шақырды.
Шымкентте көкөніс сатушы мемлекеттен субсидия алып беремін деп таныстарын 1,5 миллион теңгеге алдап кеткен. Мегаполис полицейлеріне өз танысының алаяқтығының құрбаны болған әйел арызданды.
Жәбірленушінің айғақтарына сүйенсек, қаскүнем оны өз таныстары арқылы мемлекеттен өтеусіз грант алуға көмектесетініне сендірген. Бизнес идеяларын жүзеге асыруға қаражат ұтып алу үшін, сенгіш азамат жарты миллион теңгеден астам ақша төлеген. Біраз уақыттан кейін алаяқ өзінің уәдесін орындамай, арызданушымен араласудан қаша бастаған. Алаяқтық жайты бойынша Абай АПБ қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел уәкілдер күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Ол көкөніс базарында сауда жасайтын 38 жастағы қала тұрғыны.
«Тергеу барысында күдіктінің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен тағы екі адам анықталды. Келтірген залалдың жалпы сомасы 1 млн теңгені құрайды.»- дейді тергеуші Данияр Жамбулов.
Сондай-ақ, әйелдер өз ісін бастау үшін қайтарымсыз грант алуға және туыстары үшін АӘК төлем алуға үміттенген. «Қазіргі таңда, қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жіберілді», – деп қосты полиция капитаны.
Сондай-ақ, Еңбекші АПБ-на қарт тұрғын алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Әйелдің айтуынша, оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. Күдікті егер, зейнеткер белгілі бір соманы жақын арада оның мекенжайына келетін үшінші тұлға арқылы беріп жіберсе, кінәлі адам жазадан құтыла алады деп сендірген. Қоңырау шалушы телефонды сыбайлас қызға тапсырып, ол дірілдеген дауыспен “анасынан” көмек сұрағандай кейіп танытқанда, әйелдің күмәні толығымен сейілген. Нәтижесінде қала тұрғыны алаяқтарға өзінің барлық жинаған 4,5 млн теңге көлеміндегі ақшасын берді.
Сол күні полицияға телефон алаяқтарының тағы бір құрбаны осындай мәлімдеме жасады. Сүйікті немересіне көмектесу үшін 79 жастағы зейнеткер 2,5 млн теңге төлеген. Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабы «алаяқтық» бойынша СДТБТ-не тіркеді.