Шымкент полицейлері адам саудасына қарсы күрес акциясын өткізді
«Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні» қарсаңында Шымкент ҚПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Адам саудасын бірге тоқтатайық!» атты ақпараттық науқан өткізді.
Аталған шара, мегаполис аумағындағы негізгі орындарда ; қалалық перинаталдық орталықта, әуежай және теміржол вокзалында ұйымдастырылды.
Акцияға тәртіп сақшыларынан бөлек, «Сана Сезім» ӘБҚО ҚБ және №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мамандары жұмылдырылды.
Мұндағы басты мақсат – адам саудасының алдын алу, азаматтар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы олардың ақпараттық қорын кеңейту болып табылады. Өйткені, адамдардың хабардар болуы және күдікті жағдайларды дер кезінде тану қабілеті көптеген өмірді сақтап қалуы мүмкін.
“Адамды саудаға салу” түсінігі– адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны пайдалану не азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау. Адамдарды оларды бұдан әрі пайдалану мақсатында бір жерден екінші жерге және Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы тасымалдау, ауыстыру адам трафигі деп аталады.
Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатуда. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдады. Қазақстан 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды. ҚР Қылмыстық кодексі 128 бабының 1-тармағында «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. Бұрын жаза 3 жыл болатын. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қылмыс болған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жәбірленушімен алдын жазбаша келісім, ала сөз байласу, психикалық алдап-арбау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдалану сияқты жағдайлардар да қылмыстық жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік бермейді.