Заңсыз сауда қала көркін бұзады
Ретсіз сауда орындарының көбеюі қаланың көркін бұзып, гигиеналық және санитарлық-эпидемиялық талаптардың бұзылуына әкеліп соғады. Әл-Фараби ауданы аумағында ретсіз саудамен күрес жұмыстары тұрақты бақылауға алынып, аудандық полиция басқармасының өкілдерімен бірлесе «Орталық Қырғы базар» аумағында, Шаяхметов, Әлімқұлов, Төле би, Тәшенов көшелерінің бойында рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаған тұлғаларға түсіндірме жұмыстары күнделікті жүргізуде.
Жыл басынан ҚР ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес аудандық полиция басқармасы тарапынан белгіленбеген орындарда ретсіз сауда жасаған тұлғаларға қатысты 465 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 347 іске ескерту, ал 118 азаматқа айыппұл салынды.
Сондай-ақ, Әл-фараби ауданы аумағындағы заңсыз дүңгіршектер орнынан алынуда. Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері құзырлы мекеме мамандарымен бірлесе аудан аумағында орналасқан дүңгіршектердің заңдылығын зерделеп, дүңгіршек иелеріне заң аясында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Нәтижесінде, жерге құқық белгілейтін құжаттары жоқ, заңсыз орнатылған дүңгіршектер орнынан алынуда.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының «Жер кодексінің» 43-бабының 10-тармағына сәйкес егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.
Құрметті Әл-Фараби ауданы кәсіпкерлері! Кез-келген кәсіпкерлік нысанды орнату немесе құрылысын жүргізу үшін ҚР әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жерге құқық белгілейтін құжаттары болуы керек екенін назарларыңызға жеткіземіз. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.