АКБ төрағасы Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездесті
Мегаполисте «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының коворкинг орталығында өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаевпен кездесті.
Ашық алаңда өткен жылы жүздесуге Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бөлім меңгерушісі Сабыржан Сейтжанов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов, «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жұмағали Білісбеков, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қоры төрайымы Жаннета Жазықбаева, Қазақстан әйелдерінің республикалық қоғамдық кеңесі» ҚБФ Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Кездесу шеңберінде өңірдегі адам құқықтарын сақтау бойынша жағдайды талқылап, нақты ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдалды, мұнан бөлек, еңбек адамы, жалпы азаматтық саяси құқықтар, өмір сүру құқығы, азаптауға ұшырамау құқығы және әділ сот құқығы сияқты мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғау саласындағы түрлі бағыттар бойынша тиімді өзара іс-қимыл жолдары белгіленді.
Әңгімелесу барысында Артур Ластаев елімізде жүргізілген адам құқықтарына қатысты конституциялық реформалар және өзге де демократиялық өзгерістер туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Өз кезегінде сөз алған Бауыржан Алтеев Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың адамдардың құқықтарын қорғаудағы жұмысының маңыздылығын атап өтіп, әрдайым бұл бағытта бірлесе жұмыс жасайтындығын алға тартып, өңіріміздегі адам құқықтарын қорғау саласында жұмыстың ілгерілеуі туралы оң пікірін білдірді.
Одан өзге Омбудсмен Артур Ластаев қатысушыларға мәртебесіне қарамастан барлық адамдарға олардың құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесетінін хабарлады. Бұл бағытта Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері маңызды рөл атқаратындығын, сондай-ақ оларға құқықтық мәселелер бойынша тікелей жәрдемдесу үшін жүгінуге болатындығын атап өтті.