Шымкентте орманды дала өрттерінің алдын алу бойынша өрт-тактикалық жаттығу өтті
Шымкент қаласының аумағындағы орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖ Департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орман-дала өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізді.
Оқу-жаттығу Қайнар-бұлақ учаскесіндегі өрт-бақылау мұнарасы аймағындағы «Жасыл белдеу» орман шаруашылығы аумағында өткізілді.
Оқу-жаттығу нәтижесінде орманды дала өрттерін сөндіру бойынша күштер мен құралдарды басқару органдарының өзара іс-қимылына сәйкес өзара іс-қимыл жасайтын мекемелер мен қызметтер арасында өрт туралы ақпарат алмасу тәртібі пысықталды, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы Өрт сөндіру қызметінің өртке қарсы дороволды құралымдары мен өрт сөндіру бөлімшелерінің дайындығы тексерілді.
Осы оқу-жаттығуларға өрт сөндіру қызметінің барлығы 12 негізгі, қосалқы және арнайы техника және 70 адамы, «Жасыл белдеу» және «Бадам» орман шаруашылықтарының 5 бірлік техника және 19 адамы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылды. Сонымен бірге қалалық тіршілік қамтамасыз ету қызметтері мен 10216 және 35748 әскери бөлімдерінен 20 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, Шымкент қаласының аумағында Шымкент қаласы әкімдігінің теңгеріміндегі «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары орналасқан. Екі орман шаруашылығының жалпы жер көлемі 6 мың 286 га, оның ішінде орманды аймақ 5 мың 053 га, жабылмаған аймақ 1 мың 233 га құрайды. Орман қорын қорғау мақсатында осы екі шаруашылықтың балансында, жалпы 22 бірлік бейімделген техника және 186 өрт сөндіру құралдары мен 14 бірлік мотопомпа бар. Қазіргі таңда, жабдықтау мен адам құрамы дайындыққа келтірілген.
Жыл басынан бері Шымкент қаласы аумағында 62 өрт тіркелді. Материалдық шығын 124 млн 952 мың теңгені құрады. Өрттердің 79 пайызы тұрғын үй секторы мен көлік өрттеріне тиесілі. Сонымен қатар, өрт қауіпті кезең басталғалы бері 412 жану жағдайлары орын алып, оның ішінде 125 құрғақ шөп және 77 қоқыс жанған.