Шымкент

“Рахат бадам” демалыс аймағында сақтық шаралары түсіндірілді

Еңбекші ауданының жастар ресурстық орталығы, Еңбекші ауданы ТЖБ қызметкерлері, Еңбекші ауданы әкімі аппараты қызметкерлері мен ерікті жастардың қатысуымен “Маятас елді-мекенінде орналасқан “Рахат Бадам” демалыс аймағында суға шомылу маусымындағы сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мақсаты – төтенше жағдайларда болуы ықтимал апат оқиғалары кезінде алғашқы көмек көрсете білудің қарапайым жолдарын үйрету және алдын алу.

Түсіндірме жұмыстарының барысында тұрғындарға суға шомылу барысында балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген су арналарының жағалауында суға шомылуға қатаң тиым салынатынын хабарлап, қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынама парақшаларын тарқатты.

Суға шомылу кезінде шектеулер немесе тыйым салынатын бірқатар ауру түрлері бар. Мәселен, жүрек ауруы кезінде суға шомылғанда абай болу қажет. Осы аурулар кезінде температура күрт өзгеру салдарынан жүрек талмасы ауруына ұшырауы мүмкін. Естен тану сырқаты бар, құлақ ауруы бар адамдарға суға шомылумен әуестенуге болмайды. Әсіресе, құлақтың ішіне суық судың кіруі өте қауіпті. Суық су құлаққа кіріп, жарты иірім өзектерді түршіктіріп бас айналу, құсу, тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуі мүмкін.

Сіңір тартқан жағдайда не істеу қажет:

1) Бірінші кезекте міндетті түрде жүзу стилін өзгертіңіз, арқаға жатып жүзіңіз, судан тез арада шығуға немесе жағалауға жақындауға тырысыңыз;

2) Қол саусақтарының тартылуын сезінген жағдайда қол білегін жұдырыққа түйіңіз, қолды сыртқа серпіп, жұдырықты ашу қажет;

3) Балтыр бұлшықетінің сіңірі тартқан кезде иіліп, зардап шеккен аяқтың табанын екі қолмен құшақтап, күшпен оны өзіңізге қарай тартыңыз;

4) Сан бұлшықетінің сіңірі тартқан кезде аяқты сирақтан төмен сыртқы жағынан қолыңызбен ұстап, оны тізеге бүгіп арқаға қарай тартыңыз. Егер қолыңыздың және аяғыңыздың сіңір тартуы басылмаса, амалдарды тағы бір мәрте қайталаңыз. Қосылған бұлшықеттің жұмысы сіңір тартудың басылуын тездететінін есте сақтаған жөн.

Back to top button