Бір күнде 18 орынға есірткі қойып кеткен шымкенттік ұсталды
Есірткі – қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі. Бүгінгі таңда, есірткіні ғаламтордан немесе түнгі клубтардан оңайшылықпен сатып алуға болады. Әдетте, алғашқы кезде сатушы есіркіні тегін ұсынады, ал тәуелділік пайда болған соң, көп ақша талап ете бастайды. Сондықтан, нашақорлар жаңа дозаға қол жеткізу үшін ұрлық немесе тонау сияқты қылмыстық әрекеттерге баруға мәжбүр болады.
Еңбекші АПБ-ның 102 арнасына жергілікті тұрғын есірткі қойып жүрген жас жігітті оқиға орынында ұстап алғанын айтып хабарласты. Шақырту бойынша жедел тергеу тобының қызметкерлері дереу оқиға болған аумаққа барды.
Күдіктінің жеке басын тінту барысында, смартфонынан телеграмм чат арқылы белгісіз тұлғамен хат алмасып, оның нұсқауларын бұлжытпай орындағаны анықталды . Кейін, тәртіп сақшылары оның есірткі қойып кеткен жерлерін жеке-жеке тінтіп, жасырылған ұнтақтарды айғақ зат ретінде тәркіледі.
Нәтижесінде, құқық бұзушы бір күнде 18 орынға полиэтиленді пакетке салынған есірткіге ұқсас заттарды тығып үлгергені белгілі болды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың синтетикалық есірткі екені расталды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша СДТБТ-не тіркелді. Белгілі болғандай жас жігіт 3 айдан бері “курьер” болып жұмыс істеген және күніне орта есеппен 20-25 орамды қойып кетумен айналысқан. Қазіргі таңда, күдікті қамауда . Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Нашақорлық жастардың есірткіге деген қызығушылығынан басталады. Іші пысқан немесе жаңа эмоция сезінгісі келген жасөспірім, бір рет дәмін татып көрген соң, бұл әсерді тағы да сезінгісі келеді. Осылайша, тәуелділік туындайды. Жақын адамдардың тарапынан махаббат пен жылулықтың болмауы және ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, осы дертке әкелуі мүмкін. Жас балалар есірткінің көмегімен, жанұядағы проблемалардан және жағымсыз эмоциялардан арылғысы келеді. Депрессия, бақытсыздық, мазасыздық және өз күшіне сенбеушілік.