Абай АПБ-на бірдей мазмұнды үш арыз түсті
Шымкентте дүкендерге шатыр арқылы кірген әккі ұры ұсталды. Абай АПБ-на бірдей мазмұнды үш арыз түсті. Зардап шеккендер – Қайнар бұлақ саяжайының аумағында орналасқан дүкен иелері. Сауда нүктелеріндегі ұрлық түнгі уақытта жасалған. Барлық жағдайда күдікті ғимараттардың шатырын ашып, төбені бұзу арқылы ішке кірген.
Ұры екі дүкеннің кассасынан жалпы сомасы 130 мың теңге жымқырды. Ал, үшінші кәсіпкерден смартфон, ақша және сөредегі алкогольдік сусындар мен темекілерді қолды еткен. Оған келтірілген шығын ₸1 миллионнан асты.
Заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық деректерін тергеп-тексеруді аға тергеуші Бибарыс Багов қолға алды. Тәртіп сақшысы әріптестерімен бірге қылмыс орындарын, жәбірленушілердің айғақтарын мұқият зерттеп, барлық куәгерлерден жауап алды.
Аталған жайттарды ашуда бейнебақылау камераларының жазбалары маңызды рөл атқарды. Олардың көмегімен полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған жергілікті тұрғын.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жас жігіт ұсталып, қамауға алынды. Оның тағы екі саяжай ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Алғашында біреудің үйінің ауласынан велосипед ұрласа, кейін зейнеткердің үйінен ұялы телефоны мен киім-кешектерді жымқырған.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Алдағы уақытта іс-құжаттар барлық жиналған дәлелдемелермен сотқа жолданады.
Гүл сататын дүкендегі заңсыз әрекеті үшін Шымкент тұрғыны 7 тәулікке қамауға алынды. Әлеуметтік желіде Шымкенттегі гүл сататын дүкендердің біріндегі сатып алушының заңсыз әрекеті туралы видео тарады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Тұран аудандық полиция баскармасының қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, полицияға жеткізді.
Алайда сатушы ер адамның үстінен арыз жазудан бас тартты. Осыған қарамастан тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Аталған жайт бойынша жинақталған материалдар құқық бұзушыға қатысты шешім шығару үшін әкімшілік сотқа жолданды. Сот қаулысымен ер адам 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.