Жаңалықтар

Шымкентте орден иегері жоғалған мүгедек тұрғынды туыстарына тауып берді

102-арнасы арқылы жергілікті тұрғын полицияға ағасының жоғалғанын айтып, арызданды. Қала тұрғыны 50 жастағы ер адамның бірінші топтағы мүгедек екенін, анық сөйлей алмайтынын және көшеде өз бетінше жүре алмайтынын атап өтті. Әйел ағасынан киім базарында сауда жасап жүргенде көз жазып қалған.

Жоғалған азаматтың жүрген жерін анықтауға Шымкент ҚПД Тұран АПБ-ның қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары базар аумағын және жақын маңдарды аралап, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, оны көрген адамдардан сұрастырды.

Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бірнеше сағаттан кейін полиция капитаны Арман Әріпжанов ер адамды Темірлан тас жолының бойында базардан 4 шақырымдай жерден тапты.

Өз кезегінде туысы тәртіп сақшысына кәсіби біліктілігі мен біреудің қайғысына немқұрайлы қарамайтыны үшін шынайы алғысын білдірді.

«Азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау – біздің басты міндетіміз. Көмектесу және пайдалы болу мені қызметте ынталандырады. Ал халықтың алғысы – полицей үшін ең жақсы марапат», – дейді Арман Талғатұлы.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басында жедел уәкіл ҚР Президентінің Жарлығымен қала орталығында қауіпті қарулы қылмыскерді ұстағаны үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын.

Айта өтейік, соңғы 4 жылдан бері мегаполис полицейлері қаладағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алған. Тәртіп сақшылары жыл сайын атаулы күндерде бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, материалдық және моральдік көмек көрсетуден шаршаған емес. Тіпті балалардың болашағына, тәлім-тәрбиесі мен біліміне де ерекше көңіл бөліп, барлық қажетті жағдайды жасауда. Мәселен, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бокс және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен спорт үйірмесін ашып, буыны қатпаған жас жігіттерді жаттықтырумен айналысады.

Қазіргі таңда аталған мекемеде 76 жасөспірім болса, оның 34-і ұл. Олардың барлығы жүз пайыз спорт үйірмесіне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанады. «Сонымен қатар, балалардың білім саласында жетістікке жетуіне де полиция қызметкерлерінің ықпалы зор. Өйткені, тәрбиеленушілер погон таққан ағаларынан үлгі алып, өскенде сол кісілердей болуды армандайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button