Әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақытылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты жауапкершілік күшейтілді
Алимент бойынша әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақытылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты да жауапкершілік күшейтілгендігін ескеру қажет.
Атап айтқанда, егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты (оның ішінде алимент өндіру санаты) бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда әділет органдарының талап арызы негізінде лицензиясынан айырылуға жатады. Осы негіздермен сотқа енгізілген талап қою арыз бойынша осы жылы 1 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылған.
Департамент 2023 жылы сот орындаушыларға қатысты жеке және заңды тұлғалардан түскен 1 602 жолданым мен 7 755 сұраныс хатты қарады. Түскен жолданымдар келесідей сипаттамалардан тұрады: 46,1% алимент өндіру, 17,7% ақша қаражаттарды мәжбүрлеп өндіру, 36,2% тыйымдарды және мәжбүрлеп өндіру шараларының күшін жою. Келіп түскен жолданымдардың 72-сі, бұл 4,5%, оң негізін тапқан.
Алимент өндіру санаттағы өндірістердің әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Қалада жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 14 685 іс орындауда болып, оның 2 032-сі бойынша өндірістер аяқталған болса, 12 653 құжат қалған. Айта кетерлігі, осы санаттағы істермен айналысатын 6 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.
Орындау барысындағы істердің ішінен 50%, яғни, 5 864 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр. Үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан 543 «проблемалы» алименттік өндіріс бар. Олар бойынша жалпы 801 321 622 теңгеге қарыз қалыптасқан. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеуінің негізгі себептерінің бірі – борышкердің тұрғылықты мекен жайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы. Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес, 531 алимент борышкеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқатылған.
Жалпы 159 алимент төлеуші борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.