ЖаңалықтарШымкент

Шымкенттік полицейлер жоғалған 3 баланы отбасыларына аман-есен қайтарды

Полицияның 102 арнасына 8-шағынаудан тұрғындарынан үш баланың із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Ата-аналардың айтуынша, аулада ойнап жүрген 6 және 9 жастағы балаларының, біраз уақыт өте ойын алаңында жоқ екенін байқаған.

Өздері жүргізген іздеу жұмыстары оң нәтиже бермеген соң, тұрғындар тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген.Жоғалған жасөспірімдердің жүрген жерін анықтауға учаскелік инспекторлар, ювеналды полицейлер, кинологтар және патрульдік полицияның экипажы жұмылдырылды.

Сақшылар жергілікті тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жақын маңдағы сауда және ойын-сауық орындары мен ойын алаңдарын тексерді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Тұран аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жарты сағаттың ішінде балаларды сол шағынаудан аумағынан тапты. Достар үлкендерді ескертпей, көрші аулаға ойнауға кеткені белгілі болды.

Өз кезегінде, аман-есен табылған ұлдардың туыстары полиция қызметкерлеріне жедел жұмыстары үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Шымкент қалалық полиция департаменті ата-аналарды балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін, оларға мұқият болып, қараусыз қалдырмауға шақырады.

Бұдан бөлек, Шымкент полицейлері жоғалған баланы тауып, анасына қайтарды. 10 жасар бала күндіз аулада серуендеу үшін үйінен шығып қайта оралмаған. Бірнеше сағаттан кейін анасы дабыл қағып, ұлын достары мен көршілерінен сұрастыра бастаған.

Өз бетінше жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, әйел түнде полициядан көмек сұрады. Жоғалған жеткіншектің жүрген жерін анықтауға Тұран АПБ-ның барлық жеке құрамы жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары мекен-жайға жақын орналасқан жасөспірімдердің жиі болатын жерлерін, саябақтарды, ойын алаңдарын, сауда нүктелерін тексеріп, сыртқы бейнекамералардың жазбаларын қарады. Іздеу жұмыстары жарты күнге созылды.

Нәтижесінде, баланың тұрғылықты жерінен 10 км қашықтықта қаланың шетіндегі әжесінің үйіне жаяу жеткені анықталды. Жасөспірім анасына аман-есен қайтарылды. Ол өз әрекетін әжесін қатты сағынуымен түсіндірді. Өз кезегінде баланың анасы полиция қызметкерлеріне адал қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.

Back to top button