Сүт зауыттарының 90%-ы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады – Сенатор
Еліміздегі сүт өндірушілер өндірісті қысқартуға мәжбүр. Әсіресе Сотүстік өңірлердегі кәсіпорындар. Осылай деп мәлімдеген сенатор Закиржан Кузиев елдегі сүт өндірісінің мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалғанын айтты. Дегенмен, мүйізді ірі қараның 85%-дан астамы және елімізде өндірілген барлық сүттің 88%-ы солардың қолында.
Закиржан Кузиев қазірден бұл мәселені ретке келтіру керек деп есептейді. Өйткені 2025 жылы жағдай тіптен ушығуы мүмкін. Өйткені сол кезден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімі күшіне енеді. Жаңа ережеде шикі сүтке қойылатын талаптар күшейтіледі. Ол бойынша сүт машинамен сауу арқылы дайындалып, бірден салқындатқыш шанаққа түсуі керек. Барлық шикі сүттің 90%-на дейін өндіретін шағын шаруа қожалықтары мұндай жағдайды қамтамасыз ете алмайды.
«Шикі сүтті оны өңдеу кәсіпорындарына Техникалық регламентке сәйкес жеткізудің мүмкіндігі жоқ. Шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс қуаты 40%-ға дейін азаяды. Сүт зауыттарының 90%-ы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның талаптары күшіне енгеннен кейін, бүгінде сүт сатудан табыс табатын ауыл тұрғындарының 70%-ы тұрақты табыс көзінен айырылады», – деп атап өтті Закиржан Күзиев.
Закиржан Кузиев осыған байланысты шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарының сервистік-тұтыну кооперацияларын ынталандыру қажеттігін атап өтті.
«Ол үшін ауыл тұрғындарына қарқынды түрде несие беру және сервистік-сатып алу орталықтарын құру аса маңызды болып отыр. Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін реформалауды жүзеге асыру, субсидия түрлерінің санын қысқарту, елу шақтысының арасынан тек бірнеше негізгісін ғана қалдыру керек. Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруді, оны қайта өңдеуді және өткізумен қоса азық-түлік тауарларының айналымын қосымша құн салығынан босату керек «, – деді ол.