BasNewsЖаңалықтар

Израильдегі қазақстандықтарды елге алып келу үшін Алматыдан арнайы ұшақ жіберіледі

Израильдегі қазақстандықтар үшін арнайы ұшақ жіберіледі, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Азаматтық авиация комитеті хабарлағандай, “Air Astana” 10 қазанда Алматы – Тель-Авив – Алматы бағыты бойынша Қазақстан азаматтарын Израильден Ақтау қаласына техникалық қондыру арқылы алып шығуды жоспарлап отыр.

«Алматы қаласынан ұшу сағат 8:00-ге, Тель-Авив қаласынан ұшу жергілікті уақыт бойынша сағат 12:50-ге жоспарланған. Тасымалдауға кез келген күнге авиабилеттері бар жолаушылар қабылданады. Бір жолаушыға 8 кг дейін бір қол жүгі және 20 кг дейін бір тексерілген жолжүк рұқсат етіледі. Авиабилеттері жоқ қазақстандықтар ҚР Елшілігі арқылы арнайы тариф бойынша сатып ала алады. Жолаушылар тізімін Қазақстанның Израильдегі елшілігі де телефон арқылы жасайды: +972 (3) 741 78 05, +972 55 273 3813, +7 700 111 31 96. Жолаушылар Тель-Авив әуежайына ұшудан бес сағат бұрын келуі керек. Жолаушылардан әуежайға барған кезде жоғары қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз», – делінген әуе компания хабарламасында.

Ал, сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров елге қайтуға ниет білдірген Израильдегі отандастарымыздың тізімі жасалып жатқанын хабарлады.

“Кейбір авиарейстердің тоқтауына және бірқатар авиатасымалдаушының Израильде рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан елшілігі “Эйр Астана” компаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ одан әрі қауіпсіз жерге шығару үшін жұмыс жүргізуде. Осы уақытқа дейін елге оралуға 118 азамат ниет білдірді”, – деді ол.

Ол Тель-Авивтегі әуежай штаттық режимде өз жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ Смадияровтың сөзінше, Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам ел азаматы болуы мүмкін.

Back to top button