ЖаңалықтарШымкент

Шымкентте мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылық пен жол қауіпсіздігі туралы дәріс өткізілді

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бүгінде бұл көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.

Әл-Фараби ауданындағы №18 мектепке бекітілген инспектор Сәбит Палжанов оқушылар арасында қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшысы білім мекемесінің мәжіліс залында жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Мұғалімдердің қатысуымен өткен жиында полицей жасөспірімдерге қылмысқа жоламау, оларды жасағаны үшін жүктелетін жауапкершілік туралы және мектеп аумағы мен қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауды ескертті.

Ал кіші мектеп оқушылары үшін жолда жүру ережелерін түсіндіру мақсатында ашық сабақ өткізілді. Сабақ барысында инспектор қалалық жолдарда және көлікте өзін қалай қорғау керектігін айтып, балалардың назарын қауіпсіз бағыт құруға және жолдың жанында дұрыс жүріс-тұруға аударып, балаларды жол белгілерін ажырата білуге үйретті. Соңында, оқушылардың алған білімдерін шыңдау мақсатында құқық қорғау қызметкері жол қозғалысы ережелерін білуге арналған сауалнама жүргізді.

«Ювеналды полиция қызметкерлері оқушыларды құқықтық ақпараттандыру бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізеді. Сабақтың мақсаты жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларын болдырмау болып табылады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету-біздің басты міндетіміз.»- дейді аға лейтенант Сәбит Палжанов.

Жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу – олардың қылмысқа ұрынбауына, дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз жағдайлардан тартынуына, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына жәрдемдеседі. Құқық бұзушылықтың алдын-алу аясында өткізілетін әрбір кездесуінде Әл-Фараби ауданындағы №18 мектепке бекітілген инспектор Сәбит Палжанов заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығын оқушыларымызға түсіндіріп отырады. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақытында немен айналысатынына бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне  септігін тигізер еді.

Back to top button