Шымкент

Шымкентте із-түссіз жоғалған 8 жасар бала табылды

Абай АПБ-ның 102 арнасына жергілікті тұрғын көмек сұрап хабарласты. Ол өзінің 8 жастағы ұлы із-түссіз жоғалып кеткенін жеткізді.

Түскі ауысымда оқитын 2 сыныптың оқушысы күнде таңертең футболдан жаттығуға барады екен. Әдеттегідей балаларды таңғы 8:00-де арнайы автобус алып кету қажет болған. Алайда, жеткіншек сол көлікке үлгермей, спорт үйірмесіне дейін өз бетінше жаяу жетуді ойлаған. Осылайша белгісіз жаққа бағыт алып, қала көшелерінде адасып кеткен.

Бұл туралы баланың әкесіне жаттықтырушы хабарласып, оқушының неге үйірмеге келмегенін сұрағанда бірақ білген. Осылайша кішкентайының өміріне қатты алаңдаған әке бірден полицияға хабарласқан.

Жоғалған баланы іздеуге Абай АПБ-ның барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қала аумағындағы тәртіп сақшыларына шұғыл бағыттама берілді. 1 сағатқа жуық тоқтаусыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде, әбден жылаған бүлдіршінді учаскелік полицей үйінен 5 шақырым жерде адасып жүрген жерінен тапты.

Баланы аман-есен әкесіне тапсырды. Өз кезегінде жергілікті азамат тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.

Шымкент полицейлері ата-аналарға мектепке баратын балаларына аса мұқият болуды, оларды сабаққа, үйірмеге барып-қайтатын уақытта жалғыз жібермеуді, алып кететін автобустарға мінгеніне міндетті түрде көз жеткізуді ескертеді.

Республика көлемінде балалардың қауіпсіздігі мен олардың арасында орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.     Осыған орай, қала аумағындағы мектептерге бекітілген инспекторлардың жұмыс уақыты өзгелерден ертерек басталып, кеш қарайғанда бірақ аяқталады.

Сол еңбек адамдарының бірі – полиция майоры Алдабергенова Асылзада. 34 жастағы келіншектің 2 ұл 3 қызы бар. Ол Шымкент ҚПД Қаратау АПБ-на қарасты Ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2007 жылдан бастаған. Бұған дейін, Еңбекші аудандық полиция басқармасында тергеуші болып жұмыс істеген.

Погонды арудың отбасындағы тіршілік таңмен бірге басталады. Өйткені балалардың алды бастауыш сыныпқа барса, соңғы егіз қыздар мен ағасы балабақшаға барады екен.

– Жұбайым екеумізде жұмыста болғандықтан, балаларды қалдыратын ешкім жоқ. Өзім таңертеңнен мектеп алдына барып, оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін күзетемін. Сондықтан, балаларды алып кететін балабақшаның әкімдігімен де келісіп қойғанбыз. Таңғы сағат 7:00-де бірінші біздің кішкентайларға келеді. Содан соң , қалғанымыз тұс-тұсымызға тараймыз. Кешкісін барлығы әкесімен үйге қайтады. – дейді, Асылзада Оралбекқызы.

Өз ісіне жауапты, қызметіне тиянақты сақшы отбасы мен жұмысты қатар ұстайтынын, қызмет барысында әр балаға өз баласындай қарайтынын, әсіресе бүлдіршіндер жолдан өткенде олардан көз алмайтынын жеткізді. «Өйткені, үйдегі ата-ананың баладан басқа байлығы жоқ қой» -, деп сөзін аяқтады полиция майоры.

Back to top button