Шымкент

Шымкенттік полиция қызметкері: «Жолдан өтетін әр бала үшін ана жүрегім алаңдайды»

Республика көлемінде балалардың қауіпсіздігі мен олардың арасында орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.  Бұл акцияның басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару.

Осыған орай, қала аумағындағы мектептерге бекітілген инспекторлардың жұмыс уақыты өзгелерден ертерек басталып, кеш қарайғанда бірақ аяқталады.

Сол еңбек адамдарының бірі – полиция майоры Алдабергенова Асылзада. 34 жастағы келіншектің 2 ұл 3 қызы бар. Ол Шымкент ҚПД Қаратау АПБ-на қарасты Ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2007 жылдан бастаған. Бұған дейін, Еңбекші аудандық полиция басқармасында тергеуші болып жұмыс істеген.

Погонды арудың отбасындағы тіршілік таңмен бірге басталады. Өйткені балалардың алды бастауыш сыныпқа барса, соңғы егіз қыздар мен ағасы балабақшаға барады екен.

– Жұбайым екеумізде жұмыста болғандықтан, балаларды қалдыратын ешкім жоқ. Өзім таңертеңнен мектеп алдына барып, оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін күзетемін. Сондықтан, балаларды алып кететін балабақшаның әкімдігімен де келісіп қойғанбыз. Таңғы сағат 7:00-де бірінші біздің кішкентайларға келеді. Содан соң , қалғанымыз тұс-тұсымызға тараймыз. Кешкісін барлығы әкесімен үйге қайтады. – дейді, Асылзада Оралбекқызы.

Өз ісіне жауапты, қызметіне тиянақты сақшы отбасы мен жұмысты қатар ұстайтынын, қызмет барысында әр балаға өз баласындай қарайтынын, әсіресе бүлдіршіндер жолдан өткенде олардан көз алмайтынын жеткізді. «Өйткені, үйдегі ата-ананың баладан басқа байлығы жоқ қой» -, деп сөзін аяқтады полиция майоры.

Байлығымыз – балалар! Келешегіміз де сол бүлдіршіндер. Ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал жол бойында полиция қызметкерлері балаларымыздың санасына жол жүру ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал. Өйткені, сақтықта қорлық жоқ…

 

Back to top button