Шымкент

Шымкентте есірткі қылмыстарын ашу үшін пилотсыз ұшу аппараттары қолданылып жатыр

Шымкент қаласы аумағында республикалық “Қарасора – 2023” арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Шараның 3 ай қорытындысы бойынша мегаполис полицейлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 136 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның 54-і қылмыс және 82-і қылмыстық теріс қылық қатарына жатады.

Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты саналатын құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру бойынша жалпы 28 дерек анықталды.

Бүгін де полиция қызметкерлері қала аумағында есірткі алқаптарын және есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру деректерін анықтау мақсатында пилотсыз ұшу аппаратын (дрон, квадракоптер) қолданып, аталған техниканың көмегімен құрылған мониторинг топпен есірткі өсімдіктері егілуі мүмкін барлық аумақтарға әуеден бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда шымкенттік полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, “Қарасора – 2023” арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы 31 қазанға дейін жалғасады.

Есірткінің ерекшелігі сол, адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып калады. Міне, адамдардың нашақор болу себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы, бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең есірткіге тәуелді болмайсың, қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады деген арбау сөздерімен жаман жолға тартады. Ал әлеуметтік қиындықтардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, есірткінің дәмін татады да, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады және мейлі ол тек марихуана шеккеннің өзінде жасы ұзаққа созылмайды.

“Марихуана шегетіндердің ең алдымен өкпесі қабынады, бронхит, одан әрі өкпе рагі дамиды да адам өлімге дайындалады. Соңғы кезде ғалымдар бұл есірткінің бауыр мен жүрекке де кері әсері бар екенін дәлелдеді. Ал оның миға кері әсерінің салдарынан адамның жады қабілеті нашарлап, ұмытшақ етеді.
Марихуана шегушілердің басқалармен қарым-қатынас жасауға құлқы болмайды. Есірткінің опиат тобындағы түрлерін қолдану нашақорлар арасындағы өлімнің және мүгедектің басты себебі болып табылады», – дейді мамандар.

Back to top button