Тәртіп сақшылары ұрлық жасаған шымкенттік апалы-сіңлілерді бірден ұстады
Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына сауда орталықтарының бірінде орналасқан дүкеннен киім-кешектер ұрлағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Орта жастағы екі әйел сатып алушылардың кейпіне еніп, сауда нүктесінен балалар, ерлер және әйелдер киімдеріне толы екі сөмке алып шыққан.
Оқиға орнына дереу жедел топ барды. Күдіктілер сауда орталығынан шығып үлгермеді. Тәртіп сақшылары оларды бірден ұстады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық» бойынша тіркеді. Жеңіл пайданы көздегендер туған әпкелі-сіңілі екені анықталды.
– Ұсталғандарға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған тауарлар дүкенге қайтарылды. Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде – , деді тергеуші Еген Елшібек.
Полиция қызметкері сауда орындарының иелері мен сатушыларын, әсіресе қарбалас уақытта, қолында үлкен сөмкелері бар келушілерге назар аударуға шақырды. Егер қызметкер бірдеңе дұрыс емес екенін байқаса, ол тұтынушыға жақындап, оған көмек қажет пе екенін сұрай алады. Көбінесе, бұл іс-әрекет ұрлықты болдырмауға көмектеседі.
Полицияның «102» арнасына әмбебап дүкеннің қоймасы мен сауда алаңынан тауар ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Кәсіп иесінің айтуынша, белгісіз біреу жалпы құны 7,5 миллион теңгеден асатын аяқ киім, сөмкелер мен балалардың ойыншықтарын ұрлап кеткен.
Тергеушілер бұл жайтты «өндiрiстiк үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кiру арқылы ірі мөлшерде жасалған ұрлық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Абай АПБ-ның қызметкерлері ЖБО-ның көше камераларындағы жазбаларды зерделей отырып, ұрланған тауарларды алып кеткен жүк көлігін анықтады. Оның ізіне түскен полицейлер тауар түсірілген мекенжайды да анықтады. Тәртіп сақшылары сол үйден ұрланған заттардың барлығын тапты. 18 жастағы күдікті де осы жерде ұсталды. Тергеу барысында жас жігіт түнде серуендеп жүріп, дүкен ғимаратының артқы жағындағы терезенің ашық тұрғанын байқап, сол арқылы ішке кіріп кеткені анықталды.
Кассаның жанынан мекеменің алдыңғы есігінің кілтін тауып алған соң, бұл сәтті барынша пайдалануға тырысқан. Айналасындағы барлық кабельдерді қуат көздерінен ажырату арқылы қаскүнем бейнебақылау жүйелерін өшірген. Содан соң, жүк тасымалдау қызметін көрсететін көлік шақырып, жүк салғышын тауарға толтырып, қылмыс болған жерден ізін суытқан. Қазіргі таңда, ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.