Полицейлер «Бала және бағдаршам» тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізді

Шымкентте балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда, жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полицейлері балалардың жол үстіндегі қауіпсіздігіне баса назар аударып отыр.
Өйткені, мектеп табалдырығын жаңа аттаған кішкентай бүлдіршіндердің абайсыз іс-әрекеті қайғылы оқиғаларға әкеп соғуы әбден мүмкін. Аталған орынсыз жайттарға жол бермеу үшін Қаратау және Еңбекші АПБ-ның инспекторлары мектеп алды даярлық тобының және 1-4 сыныптың оқушыларына «Бала және бағдаршам» тақырыбында ашық тәрбие сағаттарын өткізді.
Кішкентай балаларға бағдаршамның сигналдық түстерінің мән-мағынасы мен жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесі мұқият түсіндірілді.
Ал, бүлдіршіндер жол ережесіне қатысты сахналық көрініс қойып, өз білгендерін іс жүзінде жүзеге асырды. Осы тұста, тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларын мектепке жеткізіп салуды және алып қайтуды назарда ұстауды ескертеді. Себебі, жауапсыздықтың салдарынан кішкентайлар мектепке барар жолдан адасып кететін жағдайлар жиі кездесуде.
Республика көлемінде балалардың қауіпсіздігі мен олардың арасында орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Бұл акцияның басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару. Осыған орай, қала аумағындағы мектептерге бекітілген инспекторлардың жұмыс уақыты өзгелерден ертерек басталып, кеш қарайғанда бірақ аяқталады.
Байлығымыз – балалар! Келешегіміз де сол бүлдіршіндер. Ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал жол бойында полиция қызметкерлері балаларымыздың санасына жол жүру ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал. Өйткені, сақтықта қорлық жоқ…