Шымкенттік полицейлер кәсіпқой пәтер ұрысын қолға түсірді
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының тұрғыны полицейлерге өзі жоқ кезде үйінен алтын бұйымдар ұрланғанын айтып шағымданды. Қала тұрғынының айтуынша 2 130 000 теңгенің әшекей бұйымдары жоғалған.
Еңбекші АПБ-ның қызметкерлері арызды СДТБТ-не тіркеп, аталған жайт бойынша тергеуге кірісті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде криминалдық полицияның жедел уәкілдері ұрыны анықтап, оны Ақмола облысында ұстады.
Бұған дейін, осыған ұқсас қылмысы үшін сотталған Жетісай қаласының тұрғыны Шымкент пен Түркістан облысындағы пәтер ұрлығының жиырма дерегіне қатысы бар екені анықталды. Ол, бір ғана Еңбекші ауданында 8 үйге ұрлыққа түсіп, 10 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
Ер адам тұрғын үйге есіктерді немесе терезелерді бұзу арқылы кірген. Көбінесе зергерлік бұйымдар, қолма-қол ақша мен ноутбуктарды ұрлауға әуестенген. Сонымен қатар, тәжірибелі ұры тапқан олжаларын тек базарларға ғана өткізген.
Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Пәтер ұрлығының алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады. Мүлікті сақтаудың сенімді жолы – терезелерге жоғары сапалы темір торлар мен құлпы мықты есік орнату. Дабылдар мен бейнебақылау камералары да осындай қылмыстармен күресудің тиімді құралы болып табылады.
Сондай-ақ, Тұран ауданының тұрғыны полицияның 102 арнасы арқылы бейтаныс біреу кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлады. Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, балмұздақ алып беремін деп, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алып, белгісіз бағытқа ізін суытқан.
Полицейлер аталған деректі «алаяқтық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер болған жайтты көрген-білген барлық куәгерлерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Қабылданған шаралардың арқасында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны екі тәулік ішінде қала аумағында құрықтады.
Тұран АПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы бойжеткеннің осыған ұқсас басқа да қылмыстық істерге қатысы бар. Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қала тұрғынының алтын сырғаларын иемденіп, қарт әйелдің ұялы телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.
– Ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша жинақталған іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады-, деп қосты істі тергеп жатқан полиция аға лейтенанты.