Криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасағандарды ұстады
Әл-Фараби АПБ-на қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан косметика дүкенінен парфюмерия ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Арызданушы екі тұтынушының сауда орнынан парфюмерия өнімдерін жасырын түрде алып кеткенін көрсетті. Сондай-ақ, олар бұған дейін де үш рет осы дүкенге келіп ұрлық жасаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтады. Олар жергілікті тұрғындар – анасы мен қызы болып шықты.
Жалған сатып алушылар сөредегі тауарларды мұқият қарап жүргендей кейіп танытып, қымбат әтірлерді тез әрі байқатпай сөмкеге салып, артынша сауда нүктесінен кетуге асыққан.
Қазіргі таңда, полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.
Сондай-ақ, ұялы телефонын орнынан таппаған азық-түлік дүкенінің қызметкері болған оқиға туралы полицияға хабарлады. Сатушы ұрланған гаджет тауар тұрған сөренің үстінде жатқанын көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгені құрады.
Полицейлер аталған жайтты «Ұрлық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Әл-Фараби АПБ-ның қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында бір сағаттың ішінде смартфонды ұрлаған адамның жеке басын анықтады. Ол 67 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Ұялы телефонға көзі түскен қарт келіншек сөрелерден белгілі бір тауарды іздеп жүргендей кейіп танытқан. Сатушының назары басқа жаққа ауғанын пайдаланып, смартфонды тез арада сөмкесіне салып, сауда нүктесінен шығып кетуге асыққан. Тәртіп сақшылары гаджетті тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді.
Тұран ауданының тұрғыны полицияның 102 арнасы арқылы бейтаныс біреу кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлады. Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, балмұздақ алып беремін деп, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алып белгісіз бағытқа ізін суытқан.
Полицейлер аталған деректі «алаяқтық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер болған жайтты көрген-білген барлық куәгерлерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.