Шымкентте мұғалімді алдап соққан алаяқ қамауға алынды
Абай АПБ-на мектеп мұғалімі алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Ер адам банктегі 4 600 000 теңге несиесін жабу үшін, бейтаныс келіншектің көмегіне жүгінген. Алаяқ әйел, оны «банкроттық» жариялау арқылы қарызыңды толық өтеп беремін деп сендіріп, өз қызметі үшін 120 мың теңге алып, ізін суытқан.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, азаматшаның жеке басы анықталып, қала аумағында ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді.
Тергеу барысында жергілікті тұрғын бұған дейін осыған ұқсас қылмысы үшін сотталғаны және мұғалімнен кейін тағы бір кәсіпкерді алдап соққаны белгілі болды. Ол, кезекті құрбанын «мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге грант алып беремін» деп сендіріп, 350 000 теңгеге сан соқтырған.
Қазіргі таңда, әйел қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған байланысты полиция ескертеді: мемлекет тарапынан қандай да бір көмек алу үшін араға делдалдарды салудың қажеті жоқ! Себебі, мәселеңізді оңай жолмен шешемін деп, алаяқтарға алданып қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, бейтаныс адамдарға сенім білдірмеуді, өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді жария етпеуді және ақылы қызмет үшін қаржы бермеуді ескертеміз. Егер, сізге мемлекеттік бағдарламамен аз уақыт ішінде қайтарымсыз қаржы алуға, несие жабуға және кезексіз пәтер алуға көмектесемін деп күдікті қызмет ұсынатындар жолықса, бұл туралы бірден полицияның «102» арнасына хабарлаңыз.
Шымкент қаласы полиция департаменті алаяқтардың жеке пайдакүнемдік мақсатта түрлі схемалар ойлап табатынын еске салады. Қаскүнемдер көбінесе OLX сияқты интернет-платформаларды сенгіш азаматтардың ақшасы мен құнды мүлкін иемдену үшін пайдаланады. Сонымен қатар, алаяқтар басқа біреудің атына несие рәсімдеу үшін әлеуметтік желі қолданушыларының жеке деректерін ұрлауға тырысады.
Өзіңізді осындай жайттардан қорғау үшін ешқашан, ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді және төлем картасының мәліметтерін бермеңіз немесе жібермеңіз.Өздерін банк немесе полиция қызметкерімін деп таныстыратын бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіз. Күмәнданған кезде әңгімені аяқтаған дұрыс.