ЖаңалықтарШымкент

Көлігінің жоғалып кеткені туралы арызбен қала тұрғыны тұран аудандық полициясына хабарласқан

Шымкенттік тұрғынның көлігін бөтелкелесі ұрлап кеткен. Қала тұрғыны үйдің ауласында тұрған көлігінің жоғалып кеткені туралы арызбен Тұран аудандық полициясына хабарласқан. Жәбірленуші көлікті үйіне қонаққа келген танысы ұрлауы мүмкін екенін айтқан. Ер адам ішімдік ішкен соң ұйықтап кетіп, қайта оянғанда досын да, көліктің кілтін де таппай қалған.

Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ЖБО инспекторларының көмегімен бейнебақылау камералары арқылы ұрланған «ВАЗ-2115» көлігінің қозғалыс бағытын қадағалады.

Нәтижесінде, автокөлік Түркістан облысындағы жеке үйлердің бірінің маңында тұрған жерінен табылды. Оны ұрлаған адам да осы жерден ұсталды. Ол тағы бір досына қонаққа келген болып шықты.

Тексеру барысында ұсталған азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталды, сондықтан ол арнайы қабылдау орнына қамалды.

Темір тұлпар заңды иесіне қайтарылды.

Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Кинотеатрға келушінің көлігін ұрлап кеткен Шымкенттік мас ер адам әкімшілік қамауға алынды. Әл-Фараби ауданының полицейлеріне қаладағы жеке кинотеатрлардың бірінің маңында тұрған Mercedes-Benz Sprinter көлігінің ұрланғаны туралы хабарлама түсті.

Ауыр жұмыс күнінен кейін қалыңдығымен кино көруге бел буған қала тұрғыны көлігінің ұрланғанын біліп, бірден 102-ге хабарласқан. Көлік ұрысын ұстауға №766 автоэкипаж бағытталды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары патрульдік полицейлерге ұрланған көліктің қозғалыс бағыты туралы хабарлап отырды.

Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талаптарына бағынбаған ер адам жасырынуға тырысып, газды басып отырған. Ол бірнеше минуттан кейін Қаратау ауданындағы көшелердің бірінде ұсталды.

– Медициналық куәландыру қорытындысы ер адамның мас болғанын көрсетті. Осы құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды-, дейді ППП-нің қызмет инспекторы Ғабит Әбдірахман.

Back to top button