Еңбекші ауданында тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ауқымды жиналыс өткізді
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, оның алдын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, Еңбекші ауданындағы №127 мектепте аудан көлеміндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, олардың тәртібі мен қауіпсіздігін күшейту мақсатында ауқымды жиналыс өтті.
Аталған іс-шараға Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек, аудан прокуроры С.Әбдиев, Еңбекші ауданы Полиция басқармасының бастығы А.Әмзеев, аудан әкімдігі аппаратының өкілдері, білім басқармасының қызметкерлері мен мектеп директорлары, Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Кездесуде жастардың арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдердің қатысуындағы жол көлік оқиғаларын болдырмау, қыздар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, нашақорлық пен есірткі (синтетикалық) жарнамаларымен күресуді күшейту мәселелері бойынша сөз қозғалды.
Сонымен қатар, жасөспірімдердің конституциялық құқықтарын қорғау, олардың арасындағы қылмыстың алдын алу және болдырмау, кәмелет жасына толмағандардың тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, алкогольдік, есірткі заттары мен темекі бұйымдарын қолдану жайттарын болдырмау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөспірімдер мен заңды өкілдерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізу және оларды шешу жолдары талқыланды.
Өз кезегінде айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, барлық мәселелер «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында атқарылатын болады. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында қала көлемінде күшейтілген тәртіппен түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылуда. ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде сағат 23.00-тен таңғы 6.00-ге дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады. Жоғарыда аталған жауапкершілік бойынша аралау барысында анықталған кәмелетке толмағандардың ата-анасына ескерту, хаттамалары рәсімделді.