Шымкент

Полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Өз жолдауында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуді тапсырып, жасөспірімдер арасындағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды міндеттеді. Осыған орай, Шымкент қаласы Х.Әлімжан атындағы №85 жалпы орта мектебінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында оқушылармен кездесу өтті.

Іс-шараға Қаратау ауданының прокуроры С.Заурбеков, Төтенше жағдайлар басқармасының инспекторы А.Бабахан, Ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Н.Абдығани және мектеп инспекторы Ғ.Бижанов қатысты.

Қаратау АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Ғ.Бижанов мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Жасөспірім және құқық» тақырыбында дәріс өткізді. Іс-шарада 8-11 сынып оқушыларына жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, темекі оның ішінде электронды шылым тақырыптары қозғалды.

Полиция капитаны қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды. «Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек», – дейді Ғалымжан Оразханұлы.

Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар мектеп инспекторына өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.

Айта өтетін ақпарат, жыл басынан Қаратау ауданы бойынша ІІО есіне 37 жасөспірім мен 34 қолайсыз отбасы алынды. 72 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, 3 жасөспірімге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабы, 1 бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы) – 42, ҚР ӘҚБтК-нің 2 бөлігі (Заңды өкілдері еріп жүрмеген кәмелетке толмағандардың тұрғын жайдан тыс жерлерде болуы) бойынша 952 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылған.

Back to top button