Шымкент

Полицейлер мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Мегаполисте төрт түлікті ұрлауға қатысты қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған «Мал ұрлығы» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Шара аясында полицейлер мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Екі күн ішінде Абай АПБ-ның учаскелік инспекторлары рейд барысында мал жаю ережелерін бұзудың 18 жайтын тіркеді.

Мәселен, тәртіп сақшылары әкімшілік аумақты аралау кезінде қараусыз жайылып жүрген жылқыны анықтап, жануардың иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырды. Айта кетейік, заңға сәйкес бұл құқық бұзушылық 3 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Полицейлер малды қараусыз жіберудің салдары мал ұрылығына себеп болатынын ескертеді. Сонымен қатар, жүгенсіз жүрген жануарлар көлік жүргізушілеріне қауіп төндіріп, әртүрлі жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.

Ветеринария саласымен бірлесіп, құжатсыз төрт-түлік малды тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу фактілері бойынша тексеру жұмыстары атқарылуда.

Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Төрт-түлік мал көбіне қараусыз жайылатын жерлерден кешкі уақытта ұрланады. Бұған қоса тұрғындар малының ұрланғандығы туралы полиция органдарына кеш хабарлайды.
Мал иелері өздерінің малдарын жоғалғанын байқаса да, полицияға хабарын бермей, көмегіне жүгінбей өз бетінше іздейді, қылмыс орын алған сәттен арада біраз уақыт өтіп, ұрланған мал мен оған қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалады. Осылайша, мал ұрлығы қылмысын жедел түрде ашуға мүмкіндік болмайды.

Полиция қызметкерлері бөтен мүлік ұрлығының алдын алу мақсатында өңір тұрғындарынан малдарды қараусыз жібермей, күзетті күшейту керектігін және жергілікті тұрғындар арасында сенімге ие адамға немесе бақташыға тапсыруын сұрайды.

Back to top button