Шымкент полициясы 30 мыңнан астам адамның қатысуымен ауқымды іс-шара өткізді
Полиция департаментінің бастамасымен, қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен соңғы кездері қоғамда белең алып бара жатқан интернет алаяқтық және есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған маңызы зор жиын өтті.
Онлайн конференцияға Шымкент ҚПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Арман Бейсенбаев, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Абзал Алибаев және қалалық білім басқармасының бастығы қатысты.
Сондай-ақ, білім басқармасына қарасты 361 мекемеден 30 мыңнан астам қызметкер қашықтықтан қосылып, баяндамашылардың ақпаратын тыңдады.
Өз кезегінде, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев ұстаздар қауымына алаяқтардың кең тараған айла -тәсілдері мен құйтырқы іс-әрекеттері туралы ескертті. Сәйкесінше, қарапайым сақтық шараларына нақты тоқталып, бірқатар салмақты мысалдар келтірді.
Сондай-ақ, «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жастар арасындағы есірткі дертінің қаупі туралы сөз қозғады. Бұл қылмыс санының артуына да интернет себеп екенін ашып айтты. Мұғалімдерге жасөспірімдер арасында профилактикалық дәрістер мен кездесулерді жиі өткізіп отыруды ұсынды.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған. Өйткені Қазақстанда қазір интернет алаяқтығына тыйым болмай тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс-тәсілдері күн санап мың құбылуда.
Рас, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өміріъмізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткіземіз, белгілі бір тауарларға сұраныс та артты. Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды.