«Білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік» тақырыбындағы сараптамалық талқылау
Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі мен жауапкершілігі» тақырыбында сарапшылық талдау өтті.
Іс-шараның мақсаты білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың саламаттығын қамтамасыз етуде Шымкент қаласының мемлекеттік органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды және ұсыныс-пікірлерді медиа-алаңда талқылау.
Эксперттік жиынға Шымкент қаласының Полиция, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, Төтенше жағдайлар департаменттерінен, Білім, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және Денсаулық сақтау басқармаларынан салаға жауапты басшылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау бағытында мемлекеттік саясат қалай жүргізілуде және балалардың өмірін зорлық-зомбылықтан қорғау үшін мемлекеттік органдар қандай жұмыстар атқаруда осы және өзге де сұрақтарға жауап берілді.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Эльмира Ережепова сөз сөйлеп, қаладағы 941 білім беру мекемесінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Қаланың білім беру нысандарында өрт қауіпсіздігін алдын алу мәселелерін жүйелі түрде ұйымдастыру мақсатында ТЖД-да жалпы білім беретін мектептердің, орта кәсіптік оқу орындарының және мектепке дейінгі оқу орындарының оқытушыларын арнайы оқыту практикасын өткізіп отырады. Жыл сайын ТЖ департаментінде білім беру жүйесінің 100-ден аса қызметкері арнайы оқудан өтеді.
Өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 2023-2024 жылдары «Өрт қауіпсіздігі және улы газбен уланудың алдын алу» тақырыбында 12948 оқушыны қамтыған 594 нұсқама жүргізілді,1255 ата-ана қамтылған 28 жиналыс өткізілді, 663 оқушыға өрт сөндірушілердің күнделікті өмірімен техникаларын көрсете отырып, өрт сөндіру бөлімдерінде ашық есік күні ұйымдастырылды, 310 оқушы қамтитын 17 интерактивті сабақ өткізілді және мұғалімдермен оқушыларға 5 рет өрт-тактикалық оқу сабақтары өткізілді.
Департамент қызметкерлері өз бастамасымен өрт қауіпсіздігі тақырыптарында қызықты шығармашылық комикстер, мультфильм әзірлеп, балабақша бүлдіршіндеріне дейін қамтуға тырысуда.
Сондай-ақ, білім басқармасымен бірлесіп қаланың әр мектебінде «Жас құтқарушылар», Оқушылар сарайында «Қауіпсіздік әліппесі» үйірмелері құрылған.
2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін білім беру объектілерінде өрт орын алмаған.