Қысқа дайындық тексерілді
Өрт сөндіруші-құтқарушылар адамдарға көмек керек кезінде үнемі бірінші барады. Олар тек өртті сөндіріп ғана қоймайды, олар авариялық-құтқару жұмыстарын да жүргізеді. Бұл істе оларға ең бірінші көмекші жоғары жүрісті техникалар болып табылады. Аталған техникалар жылдың қай мезгілі болмасын төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін қолданылады. Әсіресе қар басуға қатысты орын алған төтенше жағдайлар кезінде кеңінен қолданылады.
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің теңгерімінде жалпы 20 жоғары жүрісті техника бар, оның ішінде: 8 негізгі, 5 арнайы, 7 көмекші техника.
Қыстыңда ауылы алыс емес. Осы орайда қыс мезгіліне жоғары жүрісті техникалар мен жеке құрам дайындығының дәрежесін тексеру мақсатында саптық байқау өткізілді.
Қыс мезгіліне дайындық аясында Қызмет бастығы азаматтық қорғау полковнигі Д. Райханов бөліністердің күштер мен құралдарын тексерді. Жоғары жүрісті техникалар мен жабдықтардың дайындығын байқау барысында Қызмет бастығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға қыс мезгіліне жоғары дайындықта болуын тапсырып, қолданыстағы техникалардың техникалық жағдайын, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін тексерді.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің авариялық-құтқару қызметтерінің, коммуналдық және арнайы техникалардың қыс мезгіліне дайындығы пысықталды.
– Оқу-жаттығу жиынының мақсаты – қыс мезгіліне инертті материалдардың қорын және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаменті арнайы техникасының дайындығын тексеру, техникалардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау, қауіпті метеорологиялық құбылыстардың пайда болуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу. Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер қалалық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралады, – деді.
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән бұл салада қызмет ету жүректілік пен батылдықты әрі ерлікті талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Бұл жұмыста ұсақ-түйек деген ұғым жоқ, әрбір минут маңызды. Бөлімшеге қоңырау келіп түскенде жиналуға 1 минут ғана уақыты бар. Апат орнына келгенде өрт сөндірушілер алдымен адамдарды құтқарып, оларды қауіпсіз аймаққа көшіріп, су тапаншаларын қосып, қызыл жалынға қарсы тұрады. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық – әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын.