Адвокаттың және нотариустың көмегіне жүгінуге қатысты сұрақтарға құқықтық консультациялар берілді
Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары М.Исабековтың төрағалығымен, Департаменттің сала мамандары, адвокаттар, нотариустардың қатысуымен шалғайда орналасқан Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өтті.
Кездесуде тұрғындармен әділет органдарына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жер телімін алу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, адвокаттың және нотариустың көмегіне жүгінуге қатысты сұрақтарға құқықтық консультациялар берілді.
Нотариустардың көрсеткен қызметі үшін төленетін ақы қандай нормативтік құқықтық актілермен бекітіледі және бағаның тұрақтылығы бақылауда бола ма?
–Нотариустардың көрсеткен қызметі үшін төленетін ақы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексімен және Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңымен бекітілген. Нотариуспен нотариаттық қызмет үшін төленетін ақы көбейсе немесе азайса нотариустың заңбұзушылыққа жол бергені деп саналады, егерде заң бұзушылық фактілер болған жағдайда Әділет департаментіне немесе Нотариаттық палатаға арыздануға болады. Нотариус кеңсесінің ақпараттық бұрышында Әділет департаментінің және Нотариаттық палатасының телефон номерлері болуы тиіс.
Нотариус тарапынан атқарушылық жазба қандай жағдайда жасалады және оның күші қандай жағдайда жойылады?
–Нотариустер ҚР «Нотариат туралы» Заңының 34 бабына сәйкес, нотариаттық бірнеше іс-әрекеттер, соның ішінде атқарушылық жазбаларды жасайды. Оның шарттары ҚР «Нотариат туралы» Заңымен белгіленген, атап өтсек:
Атқарушылық жазба өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді. Атқарушылық жазбаны егер ұсынылған құжаттар борышкердің өндіріп алушы алдындағы берешегінің даусыз екендігін растаса, егер талап қоюға (өтінішке) құқық туындаған күннен бастап үш жылдан аспаса жасалады.
Борышкер атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған немесе тиісті қаулыны шығарған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы. Қарсылық бойынша нотариус қаулы күшін жоймаса, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.