«Дос-Мұқасан» ұжымы желіде жазба жариялады
«Қуанышымыз – ол біздің мерейтойымыздың елмен бірге тойлануы, гастролдік сапарлармен қаншама қалалардағы көрерменмен сағына қауыштық. Әйтсе де, мерейтоймен басталған жылымыз қайғылы күнмен де көңілімізді жабырқатты. Өнер ұжымында талай жыл еңбек етіп, көрермен үшін өнер көрсеткен барабаншы Александр Литвинов пен әнші Ақжол Мейірбековті жоғалттық. Келместің кемесіне мініп кеткен азаматтар біздер үшін ең қымбат жандар еді», делінген жазбада.
Сондай-ақ 55 жылдық тарихы бар ансамбль бұған дейін де қаншама тарландарынан айрылғаны, ұжымға бірі келіп, бірі кеткені де айтылады.
«Басымыздан небір сәттерді өткіздік. Десек те, елін ғана емес әлемді тамсандырып, таңқалдырған ұжымның туы жығылмады, жығылмайды да, себебі өнер – халық үшін. «Дос-Мұқасан» ансамблінің ұжымына қайғырып көңіл айтқан көрермендерімізге, болашағы үшін алаңдаған жанашырларымызға зор алғысымызды айта отырып, шығармашылық жұмысымызды сіздер үшін жалғастыратынымызды айтқымыз келеді. Репертуардағы асыл мұрамыз – қазақтың әндері мен күйлері мәңгілік әуелеу үшін талмай, тынбай еңбек етеміз. Біз орны ойсырап қалған әріптестеріміздің сахнадағы орындарын жоқтатпай, Халықпен бірге жасай береміз! Халық барда «Дос-Мұқасан» бар!».
Айта кетсек, 25 қарашада «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі, әнші Ақжол Мейірбеков 73 жасында дүниеден озды.