Ақтөбеде екі қабатты үйдің баспалдағы опырылып, тұрғын зардап шекті
Ақтөбеде екі қабатты үйде баспалдақ опырылып, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды basnews.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
З метр биіктен құлаған әйел бірнеше жерінен жарақат алған. Тұрғындардың айтуынша, үй 1960 жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмеген екен.
Тұрғын үйдің баспалдақтары кезінде ағаштан соғылған. Алайда, тозығы жеткендіктен соңғы жылдары жиі сыр беріп жүрген көрінеді. Осы үйдің тұрғыны Екатерина Новикова пәтерінен шығып, баспалдақта екі, үш қадам аттай сала, жерге құлаған.
“Бірдің шамасы болу керек, қызымды үйге кіргіздім де өзім сыртқа шығып бара жатып, баспалдаққа аттағаным сол еді бірге құладым. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Құдай сақтап, қайта ауыр жарақат алмадым”, – дейді Екатерина Новикова.
Екатеринаның миы шайқалып, омыртқасы зақымданған. Қазір ол үй жағдайында ем алып жатыр. Мұнда барлығы сегіз пәтер бар. Тұрғындардың көпшілігі жиырма жылдан бері тұрады. Екінші қабаттағылар кешеден бері сыртқа шықпапты. Уақытша баспалдақ орнына қойылған ағашпен жүру қауіпті дейді.
Тұрғын үй осы уақытқа дейін иесіз саналған. Техникалық төлқұжатының өзі тек былтыр әзірленіпті. Биыл құбыр жарылып, жылу жүйесі де тек үш апта бұрын әрең қосылған көрінеді. Алайда, арнайы мемлекеттік сараптама «тұрғын үй 82 пайызға тұруға жарамды» деген қорытыңды шығарған.
“Жалпы айтатын болсақ бұл үй сараптама жүргізілген. Сараптама қорытыңдысына сәйкес үй авариялық деп танылмаған. Сәйкесінше енді Тұрғын үй инспекциясына модернизацияға тапсырған. Қазіргі таңда бұл құжаттар қаралу үстінде”, – деді Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов.
Әкімдіктегілер демеушілік көмек тартып, тұрғын үйдің баспалдағын қалпына келтіріп бермек. Ағаш баспалдықтың астына темір тірек салынады. Бұл жұмыстарды екі күнде бітіру жоспарланған.