Түркістанда алғаш рет «Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанды
Облыс орталығына айналған қасиетті шаһарда руханиятқа айрықша көңіл бөлініп келеді. Түркістанның жаңаша бағытта дамуына жасалған оң қадамдардың нәтижесінде жаңа өнер ұжымы қалыптасуда. Бүгін «Конгресс холл» кешенінің «JANA LEP» ұжымы Түркістан төрінде алғаш рет «Құстар қайтып келеді» мюзиклін сахналады.
Мюзиклдің басты мақсаты – жастарды Түркістан қаласына шоғырландыру және оларға рухани қуат беріп, облыс орталығында да өз қабілеттерін пайдалана отырып, армандарын іске асыруға болатынын көрсету, отаншылдық сезімдерінің оянуына түрткі болу. Түркістан қаласының болашағы үшін еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосуға болатынын әрі ол үшін мүмкіндіктің мол екенін түсіндіру.
Мюзиклдың негізі оқиғасына тоқталайық. Түркістан қаласы облыс орталығы болып жарияланғаннан кейін, шет елдер мен еліміздің ірі қалаларынан білім алып келген жастар Түркістанға келіп, ұмытылып бара жатқан тағамдарды жаңғыртатын, тарих қойнауында қалған бай ас мәдениетімізді қайта тірілтетін мейрамхана ашады. Оқиға барысында тарихи-мәдени қатпарлар ашылып, кейіпкерлердің Отанға, тарихымызға және мәдениетімізге деген махаббаттары арта түседі. Бұл қойылым Түркістанға арман қуып келген осы жастардың алдағы мақсаттарын айқындап тұрғандай.
Түркістан жұртшылығы мюзикл арқылы өнерлі жастардың талантын көріп, арманға, жігерге толы сезім иірімдеріне бойлады. Мөлдір сағынышпен туған жерге қанат қаққан жастардың шым-шытырық махаббатқа, драмаға, көңілді әзілге, әнге толы оқиғасы көпшілік көңілінен шықты. Жанға жігер, жүрекке жалын беретін әсерлі қойылым көрерменді бір серпілтіп тастады.
Қойылым мюзикл жанрында өтті. Әлемде танымалдылығы артқан «мюзикл» – елімізде тәй-тәй басып, жаңа қалыптасып келе жатқан өнер жанры. Қазақ театры тарихында Астана қаласында алғаш тұсауы кесіліп, Алматы қаласында қойылғаннан кейін, еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласына жол тартқаны – мақтаныш. Түркістанның да театр сахнасында мюзикл жанры дамиды деген үміт мол.
Түркістан облысының 5 жылдығына орай сахналанған қойылымды облыс әкімі Дархан Сатыбалды, елімізге танымал өнер тарландары тамашалады. Жас өнер ұжымына қолдауын білдіріп, бағасын берді. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Сержан Молдасанұлы еліміздің түкпір-түкпірінен түлеп ұшып, осы киелі өлкеге қанат қаққан талантты жастар жайлы, олардың жаңа бағыттағы алғашқы туындысы туралы тоқталды. Сондай-ақ облыс басшылығына алғысын жеткізді.
Қойылымның идея авторы – Сержан Молдасанұлы, авторы – Шыңғыс Маман, қоюшы режиссері – Еслям Нұртазин, көмекші режиссері – Саят Мақұлбаев, композитор – Акжол Өмірзақов, хормейстер – Ұлжан Амангелді, скрипт-доктор – Әннәс Бағдат, продюссер – Қанат Кәрімұлы, костюм бойынша суретші – Мадина Әзімбаева, сахна суретшісі – Қуат Түстікбаев, хореограф – Дінмұхамет Кахарбеков.
Айта кетейік, өңірде бес жыл ішінде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде облыстағы 3 кәсіби театрда биыл 14 жаңа қойылым сахналанып, көрермен назарына ұсынылды. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймағында қойылып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. Одан бөлек, театр ұжымдары республикалық, халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүр.