BasNewsЖаңалықтар

Рахат Тұрлыханов әйелін тағы да ұрған

2000 жылдары танымал болған қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановтың басы қайта дауға қалды. Ол әйелін тағы да ұрғаны үшін ескерту алды, деп хабарлайды basnews.kz.

2024 жылғы 9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тұрлыхановқа қатысты зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша істі қарады.

Іс материалдарынан 2023 жылғы желтоқсан айында Тұрлыханов үйінде жанжал шығарып, әйелін соққыға жыққаны белгілі болды.

Сондай-ақ Тұрлыхановтың өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінгені, тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұрағаны айтылады.

Әйелі іс материалдарында көрсетілген фактілерді растап, Тұрлыхановпен татуласқанын хабарлады.

Заң талабына сәйкес, яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2 бабы (1-1 б.) бойынша көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза – ескерту немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу. Тұрлыханов сот қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2-бабы 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ескерту берілді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button