Ресейлік бапкер қазақстандықтарды өрескел балағаттады
10 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрлігі Zakon.kz редакциясының «қазақ халқына өрескел тіл тигізген ресейлік футбол бапкері Дмитрий Кузнецовтің Қазақстанға келуіне тыйым салынуы мүмкін бе?» деген сауалына жауап берді.
Министрлік Ресей елшілігінің бұған дейін жаттықтырушы Кузнецовтың қазақстандық төрешіге қатысты ұятсыз сөздер мен ұлттық белгілері бойынша балағат сөздер айтқан видеоға қатысты ресми түсініктеме бергенін еске салды. Елшілік мұндай әрекетке жол берілмейтінін және Ресейдің футбол медиа лигасындағы командалардың тәлімгерлерінің лауазымы «ресми мәртебеге ие емес» деп мәлімдеді.
«Дмитрий Кузнецов Қазақстанға кіруіне шектеу қойылған тұлғалар тізіміне қосыла ма?» деген сұраққа Сыртқы істер министрлігі жалтара жауап берді.
«Әлемдік тәжірибеге сәйкес, әрбір мемлекет өз аумағына кіруге тыйым салынған «нон грата» немесе шетелдік азаматтардың тізімін жасайды. Қазақстан тарапы да бұл тәжірибені қолданады. Дегенмен, мұндай тізімдер жабық және жарияланбайды».Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі
Ресейлік 2Дроц футбол командасының жаттықтырушысы Дмитрий Кузнецов Қостанайда өткен матчта төрешіге өте дөрекі тіл тигізді. Матч видеосын көрген Қазнет қолданушылары Кузнецовты елге кіруге тыйым салып, жауапкершілікке тартуды талап етті.