Өскеменде Қыдыр ата резиденциясы есігін айқара ашты
Өскеменнің тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мереке ұйымдастырылды.
Бүгін облыстық музей-қорықтың Сол жағалау кешенінде Наурыз мейрамын тойлауға жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Мерекелік концерт Шығыс Қазақстанның солистері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтті. Қонаққа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин келді.
Мұражай-қорықта сақталған бірегей экспонаттармен танысуға ниет білдіргендер үшін мүмкіндіктер жасалды. Көрме-жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз өнімдерін ұсынды.
Ересектер мен балалар садақ ату, арқан тарту, сондай-ақ қазақтың ұлттық ойыны «Асық» ойнау бойынша ұйымдастырылған спорттық жарыстарға қатысты.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Аймақ басшысы Наурыз мейрамының әр күні ерекше екенін атап өтті.
Қыдыр ата резиденциясының ашылуы мерекенің шарықтау шегі болды. Резиденция ұлттық стильде жабдықталған, бұл қазақ халқының мәдениеті мен бай дәстүрін тамашалауға мүмкіндік береді.
– Қыдыр ата – 22 наурызға қараған түні әр үйге бақыт пен молшылық әкелетін мифологиялық кейіпкер, – деді ШҚО мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов. – Барлық адамдар мерекелік дастархан жайып, оны асыға күтеді. Өңірдің барлық тұрғындарын көктемгі Наурыз мейрамымен құттықтаймын.
Ниет білдіргендердің бәрі Қыдыр атаға хат жазды. Мерекенің ерекше күтімдегі жас қонақтарына сертификаттар мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. Әрине, ең басты сыйлық көктемгі көңіл-күй болды.
– Наурыз – жаңару, бейбітшілік пен ізгілік мерекесі. Бүгін тамаша көңіл-күймен көктемнің келуін қуана қарсы алып, бір-бірімізді мерекемен құттықтаймыз, – деп бөлісті Өскемен қаласының тұрғыны Светлана Шмурыгина. – Баршаңызға денсаулық, бақыт тілеймін. Бүгінгідей мол дастархан тек жақсылыққа жайылсын.